Қазақстанның Малайзиядағы елшісі Малик Мурзалин Малазиялық орта компаниялар консорциумының (MCMTC) президенті Мартин Анг бастаған делегациямен кездесті. Кездесуде Қазақстан мен Малайзия арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту, іскерлік байланыстар орнату және бірлескен жобаларды іске асыру мәселелері талқыланды.
Мартин Анг делегацияның 11–13 қарашада Алматыда өтетін FoodExpo Qazaqstan 2026 халықаралық азық-түлік көрмесіне қатысуға дайындалып жатқанын хабарлады. Құрамына MCMTC мүшелерін қоса алғанда, 48-ден астам малайзиялық компанияның, сондай-ақ Малайзияның мемлекеттік органдары өкілдерінің кіруі күтіледі.
Елшілік қолдауымен малайзиялық делегация үшін Қазақстан-Малайзия бизнес-форумын және екі елдің мемлекеттік органдары мен іскер топтары өкілдері қатысатын B2B-кездесулер ұйымдастыру жоспарланған.
Елші өзара сауда мен инвестициялық ынтымақтастықты ұлғайтуға әлеует барын айтып, Қазақстан малайзиялық компаниялардың Орталық Азия нарығына шығуына мүмкіндік беретінін атап өтті. Ол Касым-Жомарт Тоқаевтың жуырдағы Жолдауының негізгі тұстарын таныстырып, инфрақұрылымды жаңғырту және ауқымды құрылыс жобалары жөнінде айтты.
Мемлекет басшысы 2027 жылды ауқымды құрылыс жылы деп жариялауды ұсынған. Бұл көлік, энергетика, құрылыс және инженерлік инфрақұрылымды дамыту салаларында шетелдік инвесторларға қосымша мүмкіндіктер ашуы мүмкін.
Мурзалин MCMTC мүшелері мен басқа да малайзиялық компанияларды Қазақстандағы инвестициялық жобаларға қатысуға және қазақстандық кәсіпорындармен серіктестік орнатуға шақырды. Мартин Анг алдағы іскерлік миссияны ұйымдастыруға көрсетілген қолдау үшін елшілікке алғыс айтып, малайзиялық бизнестің Қазақстанмен ынтымақтастықты кеңейтуге мүдделі екенін жеткізді.
Кездесу қорытындысында тараптар екі ел кәсіпкерлері арасындағы сауда-инвестициялық байланыстарды дамыту және нақты жобаларды ілгерілету жөніндегі жұмысты жалғастыруға келісті.