Қазақстан Ауыл шаруашылығы министрлігінің делегациясы Түркияға жұмыс сапарымен барып, ауыл шаруашылығын цифрландыру, агротехниканы сынау және ғылыми әзірлемелерді өндіріске енгізу тәжірибесін зерделеді. Сапарға Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымы қолдау көрсетті.
Делегация Анкара және Конья қалаларындағы салалық мекемелер мен өнеркәсіп кәсіпорындарын аралады. Анкарада Түркияның Ауыл және орман шаруашылығы министрлігінің өкілдері ведомствоның ақпараттық жүйелерін таныстырып, саланы цифрлық трансформациялаудың негізгі бағыттары туралы айтты.
Коньяда назар ғылыми зерттеулерге және заманауи агротехнологияларды енгізуге аударылды. Топырақтану, су ресурстары және шөлейттенуге қарсы күрес ғылыми-зерттеу институтында зерттеулерді ұйымдастыру және олардың нәтижелерін ауыл шаруашылығында қолдану тәсілдерімен танысты.