Вашингтонда B20 саммиті аясында «Стратегиялық әріптестіктен нақты жобаларға» атты қазақстандық-америкалық бизнес-форум өтті. Оны Қазақстан Сыртқы істер министрлігі «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен және АҚШ Сауда палатасымен бірлесіп ұйымдастырды.
Форумға екі елдің мемлекеттік органдары, ұлттық компаниялары, қаржы институттары және бизнес өкілдері қатысты. Қазақстан делегациясының құрамында Президенттің АҚШ-пен өзара іс-қимыл жөніндегі арнайы өкілі Ержан Қазыхан, Премьер-Министрдің орынбасары — көлік министрі Әсел Жанасова, Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов және «Атамекен» ҰКП төрағасы Қанат Шарлапаев болды.
АҚШ атынан Мемлекеттік хатшының бірінші орынбасары Кристофер Ландау, АҚШ Сауда палатасының президенті Сюзанн Кларк және Қазақстан-Америка іскерлік кеңесіне мүше компаниялардың жетекшілері қатысты. Форумға көлік және логистика, энергетика, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, цифрлық технологиялар және қаржы салаларындағы 100-ден астам америкалық кәсіпорын да қатысты.
Тараптар сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарды дамыту, өнеркәсіптік кооперацияны кеңейту және басым салаларда бірлескен бастамаларды іске асыру мүмкіндіктерін қарастырды. Көлік пен логистика, энергетика, маңызды минералдар, ауыл шаруашылығы, цифрлық және қаржылық технологиялар, соның ішінде жасанды интеллект салаларындағы ынтымақтастық талқыланды.
Төрт тақырыптық сессияда өндірісті жергіліктендіру, озық технологияларды енгізу, өңдеу өнеркәсібін дамыту және қазақстандық кәсіпорындардың халықаралық өндірістік тізбектерге қатысуын кеңейту мәселелеріне назар аударылды. Қазақстан делегациясы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында белгіленген инфрақұрылымды дамыту және жаңа нысандар салу жоспарын таныстырып, америкалық компаниялар мен инвесторларды бірлескен жобаларға қатысуға шақырды.
Форум қорытындысында сауда-инвестициялық ынтымақтастықтың басым бағыттары бойынша бірқатар келісімге қол қойылды. Делегация мүшелері АҚШ әкімшілігі мен Конгресінің, сондай-ақ жетекші қаржы институттарының өкілдерімен екіжақты кездесулер де өткізді.