Қазақстандық өндірушілер мен экспорттаушылар, соның ішінде маркетплейстерде сататын кәсіпкерлер, Ресей нарығына өнім жеткізу үшін ресейлік таңбалау кодтарын Tañba жүйесі арқылы ала алады. Жаңа модуль 15 тауар тобына арналған.
Тізімге парфюмерия, шиналар мен покрышкалар, фотоаппараттар мен жарқылдақтар, косметика және тұрмыстық химия, балалар ойындары мен ойыншықтары, қапталған су, жануарларға арналған жем, бекіре және албырт балық уылдырығы, велосипедтер мен рамалары, құрылыс материалдарының жекелеген түрлері, антисептиктер мен дезинфекциялау құралдары, кондитерлік өнімдер, спорттық тамақтану өнімдері, консервілер және өсімдік майлары кірді.
Модуль Ресейде міндетті таңбалау талаптары Қазақстанға қарағанда ертерек енгізілген жағдайларда кәсіпкерлерге қажет кодтарды делдалсыз алуға мүмкіндік береді. Криптографиялық қорғанысы бар кодтарды ресейлік «Оператор-ЦРПТ» ЖШҚ жасайды, ал қазақстандық оператор оларға тапсырыс беру және алу процесін қамтамасыз етеді. Ұлттық жүйелер арасында деректер қорғалған арналар арқылы алмасады.