Қазақстанда 2029 жылға дейін астықты терең өңдейтін алты ірі жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Олардың жалпы қуаты жылына 5,8 млн тонна шикізатты өңдеуге жетеді. Бұл туралы Үкімет отырысында ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров мәлімдеді.
Қазір елде астықты терең өңдейтін үш кәсіпорын жұмыс істейді. Олардың жиынтық қуаты жылына 510 мың тонна шикізатқа тең. Жаңа жобаларда крахмал, глютен, биоэтанол, аминқышқылдары және басқа өнімдер шығару көзделген.
Алғашқы жобалар іске қосылды: биыл Түркістан облысында «Казкрахмал» зауыты, Жамбыл облысында Fufeng Group компаниясының жобасы пайдалануға берілді. Жаңа өндірістерді шикізатпен қамтамасыз ету, инфрақұрылымын дамыту және жобалық қуатына шығару жұмыстары жалғасып жатыр.
Аграрлық секторға ұзақ мерзімді жеңілдетілген қаржы беру үшін бюджет және коммерциялық қаражатты біріктіру тетігін қолдану жоспарланған. Сондай-ақ «Бәйтерек» холдингіне купондық сыйақыны субсидиялау тетігі арқылы бюджеттен тыс қаражат тартуды жалғастыру тапсырылды.
Министрдің айтуынша, биыл «Бәйтерек» холдингі арқылы ұзақ мерзімді қарыздарға 270 млрд теңге қарастырылған, оның 64,2 млрд теңгесі мал сатып алуға бағытталған. Мал шаруашылығын қолдауға «Аграрлық несие корпорациясы» арқылы 84 млрд теңге бюджет кредитін бөлу қажет.
Бұдан бөлек, 2026 жылы Қазақстанның Даму банкі желісі бойынша инвестициялық жобаларға 35 млрд теңге бөлу, ал ауыл шаруашылығы техникасын жеңілдікпен лизингке беру үшін «КазАгроФинансқа» биыл 50 млрд теңге бюджет кредитін қарастыру ұсынылған. Компанияға қосымша 37,5 млрд теңге бөлінсе, 2027 жылы техника лизингіне 200 млрд теңге тартуға мүмкіндік туады.