2026 жылғы 1 қарашадан бастап Қазақстанда бетон төсемге арналған жаңа ұлттық стандарт күшіне енеді. Ол материалдың сапасына қойылатын бірыңғай талаптарды белгілейді. Материал каналдарды, еңістерді және су шаруашылығы құрылыстарын нығайтуға қолданылады.
«Бетон төсем. Техникалық шарттар» деп аталатын СТ РК 4051-2026 стандартын Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігі Техникалық реттеу және метрология комитетінің төрағасы бекіткен.
Құжатты «Қазақстандық стандарттау және метрология институты» РМК «Kazakh Industrial Stroi» ЖШС өтінімі бойынша әзірледі. Оның мақсаты — отандық өндірушілерді қолдау және бетон төсемді өндіру, сынау әрі қолдану талаптарын біріздендіру.
Бетон төсем — құрғақ цемент қоспасы негізіндегі геосинтетикалық композиттік материал. Ылғалданғаннан кейін ол қатайып, беріктік пен қаттылыққа ие болады. Материал гидротехникалық және басқа да су шаруашылығы құрылыстарын салу, жөндеу және қалпына келтіру кезінде пайдаланылады.
Оны жабындарды, еңістер мен үйінділерді нығайтуға, су бұру каналдарын, ирригациялық және мелиорациялық құрылыстарды, жасанды су айдындары мен бетон науаларды жасауға қолданады. Стандарт жалпыға ортақ және уақытша автомобиль жолдарын салуға арналған материалдарға қолданылмайды.
Стандартта материалдың иілу және созылу кезіндегі беріктігі, цемент ерітіндісінің сығылуға беріктігі, статикалық тесілуге төзімділігі, су өткізбейтіндігі, аязға төзімділігі және су сіңіргіштігі сияқты сипаттамалар белгіленген.
Құжатта өнімді қабылдау, қабылдау-тапсыру және мерзімдік сынақтар өткізу тәртібі де көрсетілген. Әрбір партияға өндіруші, партия, орам саны және тиісті сынақ нәтижелері туралы мәліметтер жазылған сапа құжаты қоса берілуі керек.