Қазақстан Республикасы Құрылтайының «Мұнай-газ химиясы өнеркәсібі туралы» заң жобасы бойынша жұмыс тобының депутаттары Атырау облысындағы мұнай-газ химиясы кәсіпорындарына барды.
Іс-шараны KAZENERGY қауымдастығы Энергетика министрлігінің, «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ-ның, салалық қауымдастықтар мен кәсіпорындардың қатысуымен ұйымдастырды.
Сапардың алғашқы күні депутаттар «Eskene LPG» ЖШС-нің сұйытылған мұнай газын қабылдау, ауыстырып тиеу және фракциялау терминалының, сондай-ақ «GPC Investment» ЖШС газ өңдеу зауытының құрылыс алаңдарын көріп, жобалардың жүзеге асу барысымен танысты.
Олар «Ұлттық индустриялық мұнай-химия технопаркі» арнайы экономикалық аймағындағы жұмыс істеп тұрған және салынып жатқан өндірістерді аралады. Олардың қатарында «Бутадиен» ЖШС бутадиен зауытының, «Silleno» ЖШС полиэтилен зауытының құрылыс алаңдары, «Karabatan Utility Solution» ЖШС инфрақұрылым нысаны және «Интаго Казахстан» ЖШС геосинтетикалық материалдар зауыты болды.
Депутаттар «Kazakhstan Petrochemical Industries Inc.» (KPI) полипропилен зауытындағы өндіріс технологияларымен де танысты. Екінші күні олар Атырау мұнай өңдеу зауытына және TEXOL компаниялар тобының Атырау вагон жасау зауытына барды.
Сапар соңында мемлекеттік органдар мен салалық кәсіпорындар өкілдері заң жобасының негізгі ережелерін талқылады. Кездесуде саланы шикізатпен қамтамасыз ету, терең өңдеуді қолдау шаралары, инвестициялық және технологиялық кедергілер сөз болды.
Қатысушылардың ұсыныстарын заң жобасын әзірлеу кезінде одан әрі пысықтау үшін жүйелеу жоспарланып отыр.