11 қарашада «Нұрлы жол» вокзалынан Stadler вагондарынан жасақталған алғашқы жолаушылар пойызы жолға шықты. Қазақстанда швейцариялық компанияның технологиясымен өндірілген жаңа вагондар № 3/4 пойызының құрамында «Нұрлы жол – Алматы-2» бағыты бойынша күн сайын қатынайды.
Көлік вице-министрі Жәнібек Тайжанов жаңа вагондардың іске қосылуы жолаушылар тасымалын жаңғыртып, халыққа көрсетілетін көлік қызметінің сапасын арттырудағы маңызды қадам екенін айтты.
Вагондар Қазақстанның климаттық жағдайына бейімделген және –50-ден +45 градусқа дейінгі температурада пайдалануға арналған. Қызмет ету мерзімі — 40 жыл.
Купе вагондары 40 жолаушыға, плацкарт вагондары 58 жолаушыға есептелген. Вагондарда климат-бақылау жүйесі, жеке жарықтандыру, 220 В розеткалары, USB және USB-C ұяшықтары, Wi-Fi, бейнебақылау және арнайы багаж аймақтары бар. Қозғалысы шектеулі жолаушыларға да жағдай жасалған. Пойыз құрамына буфет вагоны кіреді.
Жаңа вагондар Мемлекет басшысының жолаушылар жылжымалы құрамын жаңарту жөніндегі тапсырмасын орындау аясында пайдалануға беріліп жатыр. Келісімшарт бойынша 2030 жылға дейін 557 жолаушылар вагонын кезең-кезеңімен жеткізіп, кейін сервистік қызмет көрсету көзделген. Қазірге дейін 100-ден астам Stadler вагоны қабылданды.
Stadler вагондарынан жасақталған келесі пойыз 13 қарашада «Нұрлы жол – Семей» бағытына шығады. Билеттерді bilet.railways.kz ресми сайтынан және теміржол кассаларынан алуға болады.