Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында «Бақты – Аягөз» теміржол желісінің стратегиялық маңызын атап өтті. Жоба Қытаймен теміржол қатынасын кеңейтіп, Қазақстанның транзиттік әлеуетін нығайтуға бағытталған.
Құрылыс жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Жер жұмыстарының 92%-ы орындалған, сонымен қатар жасанды құрылыстар салынып, жолдың жоғарғы құрылысы төселуде.
Жыл соңына дейін 70 шақырым рельс-шпал торын төсеу жоспарланған. Құрылысқа шамамен 870 арнайы техника бірлігі және 1 450 маман тартылған.
Жаңа теміржол желісінің жалпы ұзындығы 303 шақырым болады. Құрылысты аяқтап, желіні пайдалануға беру 2027 жылға жоспарланған.
Жоба Қазақстан мен Қытай арасындағы үшінші теміржол шекара өткелін ашуға мүмкіндік береді. Бұл Достық және Алтынкөл станцияларындағы жүктемені азайтып, жүк ағындарын тиімді бөлуге жағдай жасайды.
Жаңа бағыттың өткізу қабілеті жылына 20 млн тонна жүкке жетеді деп күтіледі. Желі Қазақстан экспорты мен Қытайға отандық өнім жеткізуді ұлғайтуға, сондай-ақ қосымша транзиттік ағындарды тартуға мүмкіндік береді.