Қазақстанда сегіз ірі инвестициялық жоба аясында 494 атаудағы дәрілік препарат өндіру жоспарланып отыр. Жобалардың жалпы инвестиция көлемі — 391,3 млрд теңге. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Үкімет отырысында мәлімдеді.
Жобаларды жүзеге асыру отандық дәрі өндірісін кеңейтіп, 1 200-ден астам жұмыс орнын ашуға және елдің дәрілік қауіпсіздігін нығайтуға мүмкіндік береді.
Өндіріс кезең-кезеңімен жолға қойылады: 300 дәрі атауын 2027–2030 жылдары, тағы 194 атауын 2031–2034 жылдары шығару жоспарланған.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, 2025 жылдың қорытындысында фармацевтикалық нарық көлемі 1 трлн 285 млрд теңгеге жетіп, екі жылда 31%-ға өсті. Отандық өндіріс көлемі осы кезеңде 37%-ға артты.
2026 жылдың сегіз айында 157 млрд теңгенің өнімі өндірілді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 30%-ға көп. Соңғы екі жылда салаға құйылған инвестиция 3,3 есе, экспорт 1,9 есе өсті.
Қазақстандық өндірушілер сатылған дәрі қаптамаларының жалпы санының 42%-ын қамтамасыз етеді. Бірыңғай дистрибьютордың сатып алуындағы отандық өнімнің үлесі 79%-ды құрайды.
Соңғы екі жылда отандық өнімді импорттаған негізгі елдер — Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Моңғолия және Молдова. Министрлік саланы дамыту үшін өндірушілермен ұзақ мерзімді келісімшарттарды кеңейтіп, отандық өнімді сатып алу тетіктерін жетілдіруді жалғастырады.