Қазақстанда құрылыс және жобалау ұйымдарының біліктілік талаптарына сәйкестігін цифрлық бақылауға арналған автоматтандырылған лицензия иелері тізілімі енгізіледі. Жүйені тестілік режимде іске қосу 2026 жылғы қарашаға жоспарланған.
Тізілім тетігін Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті төрағасының орынбасары Мұрат Рысдавлетов «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасында өткен кездесуде таныстырды. Кездесуге Палата және оның өңірлік филиалдарының, құрылыс саласындағы қауымдастықтардың өкілдері қатысты.
Министрлік мәліметінше, Қазақстанда құрылыс саласында шамамен 80 мың лицензия тіркелген. Алайда лицензияның болуы компанияның қажетті ресурстары барын немесе жұмысты сапалы орындай алатынын өздігінен растамайды.