Вашингтонда B20 USA Summit 2026 аясында «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ басқарма төрағасы Асхат Хасенов америкалық KBR компаниясының аға вице-президенті Хари Равиндранмен кездесті. Олар Қостанай облысының Рудный қаласында Қазақстандағы алғашқы тұрақты авиациялық отын (SAF) зауытын салу жобасының барысын талқылады.
Бұған дейін ҚазМұнайГаз, KBR және «KazFoodProducts» ЖШС ынтымақтастықтың негізгі шарттарын бекітіп, PureSAF лицензиялық технологиясын қолдану және технологиялық жобалау пакетін (PDP) әзірлеу туралы келісімге қол қойған. PDP әзірлеу 2027 жылдың бірінші тоқсанында аяқталады деп жоспарланған. Одан кейін базалық жобалау (FEED) жұмыстары басталмақ.
Болашақ зауыт жылына 57 мың тонна SAF өндіруге, ал биоэтанолды өңдеу қуаты жылына 100 мың тоннаға жетуге есептелген. Шикізат ретінде KazFoodProducts құрамындағы BioOperations зауытының биоэтанолы пайдаланылады.