Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде FIRST Robotics Competition халықаралық бағдарламасы аясында робототехника зертханасы ашылды. «Скиф Сауда» ЖШС зертхананы заманауи жабдықпен қамтамасыз етуге және университет командасын 2027 жылғы FIRST Championship чемпионатына дайындауға 50 миллион теңге бөлді. Чемпионат сәуір айында АҚШ-тың Хьюстон қаласында өтеді.
Ашылу рәсіміне университеттің ғылыми-инновациялық қызмет жөніндегі проректоры, Басқарма мүшесі Марғұлан Ибраимов, «Скиф Сауда» ЖШС құрылтайшысы Динара Зиманова, университет өкілдері, студенттер және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Жаңа зертхана роботтарды жобалауға, құрастыруға, бағдарламалауға және сынауға қажетті құрал-жабдықтармен қамтылған. Ол механика-математика факультетінің, соның ішінде «Электроника» білім беру бағыты бойынша оқитын студенттерінің практикалық базасына айналады.