Моңғолияның экспорт кірісі 2026 жылдың алғашқы тоғыз айында 16,6 млрд долларға жетіп, былтырғы осы кезеңнен 54%-ға артты. Бұл туралы 7 қазанда Моңғолияның бірінші вице-премьері әрі Экономика және даму министрі Ж. Энхбаяр мәлімдеді.
Экспорт кірісінің өсуіне негізінен көмір мен мыс концентраты экспорты ықпал еткен. Тау-кен өнімдерінің экспорты 15,8 млрд долларға жетіп, бір жылда 57%-ға өсті. Көмірден түскен кіріс 6,1 млрд доллар, ал мыс концентратының экспорты 7,1 млрд доллар болды. Олар тиісінше 50% және 79%-ға артты.
Тау-кен саласына жатпайтын экспорт 776 млн долларға жетіп, 9%-ға өсті. Үкіметтің мәліметінше, экспортты ұлғайту шараларының нәтижесінде 2026 жылғы бюджетте жоспарланған экспорт көлемінің құны алғашқы тоғыз айда толық орындалған.
Экспорт кірісінің артуымен Моңғолияның халықаралық валюта резерві 2026 жылғы қыркүйектің соңында тарихи ең жоғары көрсеткішке — 8,9 млрд долларға жетті. Валюта бағамы тұрақты болып отыр.
Экспортты жеделдету үшін Тавантолгой–Гашуунсухайт бағытындағы 250 шақырымдық ауыр жүк көлігі жолы пайдалануға берілді. Сондай-ақ биржада сатылған көмірді шекарадан басым тәртіппен өткізу ұйымдастырылды.
Гашуунсухайт, Шивээхүрэн және Замын-Үүд өткізу бекеттерінде ақылды қақпалар мен зертханалар іске қосылды. Гашуунсухайт бекетінің жұмысы толық цифрландырылып, қағаз құжаттардан бас тарту шаралары енгізілді.
Алдағы уақытта Гашуунсухайттағы алты жол торабындағы кептелісті шешу, Шивээхүрэн–Сэхэ шекаралық теміржолының жұмысын жеделдету және Бичигт пен Булган бекеттерінде ақылды қақпалар мен зертханалар орнату жоспарланған. Сондай-ақ сыртқы саудаға арналған бірыңғай электрондық терезе жүйесін толық енгізу көзделіп отыр.