Shymbulak тау курорты SKI BUSINESS AWARDS 2026 халықаралық салалық сыйлығының лауреаты атанды. Velvet Shymbulak Club клубтық бағдарламасы туристік қызметті дамытуы және қызмет көрсетудің жаңа стандарттарын енгізгені үшін марапатқа ие болды. Бұл туралы Алматы қаласының туризм басқармасы хабарлады.
Марапаттау рәсімі 28 қазанда Мәскеуде Туристік аумақтар форумының аясында өтті. Shymbulak бұл сыйлықты бесінші рет алып отыр: курорт бұған дейін 2021, 2023, 2024 және 2025 жылдары түрлі номинациялар бойынша жеңімпаз атанған.
Курорттың халықаралық деңгейде мойындалуы Алматы тау кластерін дамыту жұмыстары жүріп жатқан кезеңге тұспа-тұс келді. Жоба аясында 32 жаңа аспалы жол салу, тау шаңғысы трассаларының ұзындығын 151 км-ге жеткізу және курорт инфрақұрылымының өткізу мүмкіндігін тәулігіне 6 мыңнан 30 мың адамға дейін арттыру көзделген.