Оңтүстік Африка Республикасы парламентінің Қорғаныс және әскери ардагерлер жөніндегі комитеті елдің Ұлттық қорғаныс күштерінің (SANDF) құлдырауын тоқтату үшін шұғыл шаралар қабылдауға шақырды. Комитеттің пікірінше, ресурстардың тұрақты тапшылығы, қаржылық қысым және басқарудағы әлсіздік елдің қорғаныс қабілетіне нұқсан келтіріп отыр.
Комитет әскери операцияларға жіберілген сарбаздарға негізгі жабдық пен маңызды ресурстар жетіспесе, SANDF конституциялық міндетін тиімді атқара алмайтынын мәлімдеді. Әскерилерге сапалы етік, киім, оқ өтпейтін кеудеше, қару-жарақ және жарамды көліктер қажет екенін атап өтті.
Комитет Қорғаныс министрлігі қаржыны негізгі міндеттерге және қажетті жабдыққа бағыттауы керек деп санайды. Сондай-ақ қызметкерлерге төленетін өтемақыға қаражатты жоспардан тыс жұмсау мәселесін шешу үшін Қаржы министрі мен Қорғаныс министрін шұғыл келіссөз өткізуге шақырды. Ұсыныс бойынша, 2027/28 қаржы жылынан бастап артық шығындарды тежеу жолдары, құны және іске асыру мерзімі нақтылануы керек.
Комитет төрағасы Дакота Легоете Оңтүстік Африка Республикасы Бас аудиторы кеңсесінің Арнайы қорғаныс шотын тексерудегі қиындықтарын көтерді. Ол аудит жүргізуге қажетті тексеру рәсімдерін қамтамасыз ету үшін Бас аудитор кеңсесі мен Қорғаныс министрлігі бірлесіп жұмыс істеуі керек деді. Легоете бұл шот салық төлеушілердің ақшасынан құралғандықтан, оның дұрыс есепке алынуға тиіс екенін айтты.
Әскери ардагерлер департаментіне қатысты комитет оның жағдайының нашарлауын сынға алды. Мафу ханым департаменттің бас директоры міндетін кемінде екі жыл уақытша атқарып келе жатқанына алаңдаушылық білдіріп, министрден әр ұзарту шешімінің құқықтық негізін жазбаша түсіндіруді сұрады. Комитеттің айтуынша, уақытша тағайындаулар жауапкершілікті әлсіретіп, ардагерлердің заңда көзделген жеңілдіктерге қол жеткізуіне кедергі келтіріп отыр.
Комитет Қорғаныс министрлігі бірнеше қаржы жылында аудиторлардың ескертпелері бар қорытынды алғанын да сынға алды. Әскери ардагерлер департаментінің аудит қорытындысы ескертусіз болғанымен, бірқатар мәселе әлі шешілмеген. Комитет министр мен ведомство басшылығын министрлік жұмысы мен оған қарасты ұйымдарды түзетуге шақырды.