Қазақстан мен Тәжікстан ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын, өңделген тауарлар жеткізілімін арттыру және агроөнеркәсіп кешеніндегі бірлескен жобаларды дамыту мәселелерін талқылады. Келіссөз Қазақстан ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров пен Тәжікстан ауыл шаруашылығы министрі Курбон Хакимзода арасында Тәжікстан президенті Эмомали Рахмонның Қазақстанға ресми сапары аясында өтті.
2025 жылы екі ел арасындағы ауыл шаруашылығы өнімдерінің жеткізілімі 11%-ға өсіп, шамамен 600 млн долларға жетті. Бұл екіжақты тауар айналымының жартысын құрады.
Келіссөздегі негізгі тақырыптардың бірі қазақстандық астық жеткізілімін ұлғайту болды. Тараптар «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ҰК» АҚ мен Тәжікстанның мемлекеттік материалдық резервтер агенттігі арасындағы 100 мың тонна бидай жеткізу туралы келісім аясындағы жұмысты кеңейту мәселесін қарады. Тәжік нарығының қажеттілігін ескере отырып, жеткізу көлемін арттыру жұмыстарын жандандыруға уағдаласты.