Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа Қарағанды облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі көрсеткіштері, инвестициялық жобалардың жүзеге асырылуы және өңірді одан әрі жаңғырту жоспарлары туралы ақпарат берілді.
Тоғыз айдың қорытындысы бойынша облыс экономикасы 2,9%-ға, өнеркәсіп өндірісі 4,9%-ға өсті. Машина жасау саласындағы өсім 26,2%-ға жетті.
Өңірдің 2032 жылға дейінгі инвестициялық портфеліне жалпы құны 7 трлн теңге болатын 186 жоба енгізілген. Оларды жүзеге асыру 36 мың жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Жаңа өндірістер ашуға, шикізатты терең өңдеуге, минералдық-шикізат базасын нығайтуға және отандық әрі шетелдік инвесторларды тартуға ерекше назар аударылып отыр.
Президентке агроөнеркәсіп кешенінің дамуы, тұрғын үй құрылысы және әлеуметтік инфрақұрылымды жаңғырту туралы да баяндалды. Соңғы үш жылда облыста ауылдарда 92 денсаулық сақтау нысаны және 13 мектеп салынды, білім беру мекемелерін реновациялау жалғасып жатыр.
Спорт, мәдениет, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық салаларындағы жобалар іске асырылуда. «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында елді мекендерді абаттандыру, жаңа қоғамдық кеңістіктер мен экопарктер құру жұмыстары жүргізілуде.
Болжам бойынша, жыл қорытындысында облыс экономикасының өсімі 4%-ды құрайды. Өңірді одан әрі дамыту өнеркәсіп әлеуетін нығайтуға, инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға және халықтың өмір сапасын арттыруға байланысты болады.