Қарағанды облысында Топар МАЭС-інің үшінші кезегін салу жоспарланып отыр. Жоба іске асса, станцияның электр қуаты 260 МВт-қа артады.
Жобаны іске асыру туралы меморандумға Қарағанды облысының әкімі Ермаганбет Булекпаев және «Главная распределительная энергостанция «Топар» ЖШС басқарма төрағасы Темирлан Утегенов қол қойды.
Жоспарда жалпы электр қуаты 260 МВт болатын екі жаңа турбоагрегат және екі қазандық агрегатын салу көзделген. Станция отын беру, түтін газдарын тазарту, суды салқындату және күлді шығару жабдықтарымен қамтамасыз етіледі.
Құрылыс аяқталған соң Топар МАЭС-інің белгіленген қуаты 773 МВт-тан 1033 МВт-қа дейін өседі. Қосымша электр энергиясының бір бөлігі жалпы энергожеліге бағытталады, ал жаңғырту станцияның қызмет ету мерзімін ұзартуға мүмкіндік береді.
Құрылысты 2027 жылы бастап, 2031 жылы аяқтау жоспарланған. Бірінші турбоагрегатты 2030 жылғы желтоқсанда, екіншісін 2031 жылғы желтоқсанда іске қосу көзделген.
Құрылыс кезінде нысанда шамамен 2 мың адам жұмыс істейді деп жоспарлануда, станция пайдалануға берілгеннен кейін онда 200-ге жуық қызметкер еңбек етеді. Оларды тұрғын үймен қамтамасыз ету жоспарланған.
Жобаны қаржыландыру Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігімен жасалатын инвестициялық келісім аясында қарастырылған. Қауіптілігі жоғары учаскелерде жасанды интеллект пен роботтандырылған жүйелерді қолдану жоспарланып отыр.