Жетісу облысында 25 мыңнан астам әйел кәсіпкер жұмыс істейді. Олар өңірдегі шағын және орта бизнес субъектілерінің 45%-дан астамын құрайды. Бұл туралы Талдықорғанда өткен «Жетісу Women Forum – 2026» форумында мәлім болды.
Форумға бизнес қауымдастығының, мемлекеттік органдардың, қаржы институттары мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты. Олар әйелдер бизнесінің дамуын талқылап, тәжірибе алмасты. Жетісу облысы әкімінің орынбасары Диас Есдаулетов өңірде әйелдер кәсіпкерлігін одан әрі дамытуға мүмкіндік бар екенін айтты.
Облыстық Кәсіпкерлер палатасының директоры Дәурен Оналбаевтың айтуынша, биыл 1 500-ден астам әйел оқудан өткен. Олар практикалық дағдыларды меңгеріп, кеңес, жобаларын сүйемелдеу және менторлық қолдау алады. Әлеуметтік осал топтарға арналған «Кәсіпке жол» жобасына да назар аударылды.