Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен кеңесте 2026 жылдың тоғыз айындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары және облыстық бюджеттің орындалуы талқыланды.
Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Сандуғаш Абдралиеваның мәліметінше, қаңтар–қыркүйек айларында өңір экономикасы 11,4%-ға өсті. Өнеркәсіп өндірісі 18,1%-ға артып, 1 103,6 млрд теңгеге жетті. Өңдеу өнеркәсібінде өсім 26,1% болды.
Ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 466,6 млрд теңгені құрап, былтырғы кезеңмен салыстырғанда 4,9%-ға артты. Мал шаруашылығы өнімдері 178,6 млрд теңгеге жетті. Ет, сүт және жұмыртқа өндірісі де өсті.
Инвестиция өсімі бойынша Жамбыл облысы республика өңірлері арасында екінші орынға шықты. Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 721,9 млрд теңге болды, бұл 2025 жылдың сәйкес кезеңінен 37,1%-ға көп. Оның 665,8 млрд теңгесі немесе 92%-дан астамы жеке инвестицияларға тиесілі.
Есепті кезеңде 283,7 млрд теңгенің құрылыс жұмыстары орындалып, 530,5 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Тауар айналымы 847,9 млрд теңгеге жетті. Көлік және қоймалау қызметтерінің көлемі 9,3%-ға өсіп, 243,7 млрд теңгені құрады.
Кеңесте бірқатар ауданда өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, инвестиция, құрылыс және бөлшек сауда көрсеткіштерінің төмендегені айтылды. Ербол Қарашөкеев аудан әкімдеріне белгіленген көрсеткіштерге жете алмаған бағыттар бойынша жобалар мен жұмыс көлемі көрсетілген жол карталарын әзірлеп, олардың орындалуын апта сайын бақылауды тапсырды.
Сонымен қатар келесі егіс маусымы басталғанға дейін егіс алқаптарының қысқаруына себеп болған су шаруашылығы нысандарындағы жұмыстарды аяқтау міндеті қойылды.