Жанайдар Жандельдинов «Kazakhstan Petrochemical Industries Inc.» (KPI) ЖШС-нің бас директоры болып тағайындалды. Жаңа басшыны ұжымға «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ мұнай өңдеу және мұнай-химия департаментінің директоры Саятай Алипбаев таныстырды.
Жандельдинов 2008 жылы С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетін «Органикалық заттар мен материалдардың химиялық технологиясы» мамандығы бойынша бітіріп, 2010 жылы осы мамандық бойынша магистратураны аяқтаған.
Ол еңбек жолын 2008 жылы «Павлодар мұнай-химия зауыты» ЖШС-де технологиялық қондырғылар операторы болып бастаған. Кейін кәсіпорында жаңа техника мен технологияны енгізу жөніндегі инженер, жетекші инженер-технолог қызметтерін атқарған.
2014 жылдан бастап KMG International жүйесінде инженер-жобалаушы, инжиниринг бөлімінің бастығы, өндіріс жөніндегі директор, Румыниядағы KMG Rompetrol SRL құрамына кіретін «Петромидия» мұнай өңдеу зауыты бас директорының орынбасары қызметтерін атқарды. Жаңа қызметке тағайындалғанға дейін KMG Rompetrol SRL компаниясының өндіріс және өнеркәсіптік қызметтер жөніндегі бас директоры болды.
KPI-дің жаңа басшылығына зауыттың тұрақты және үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету, операциялық тиімділікті, технологиялық процестердің сенімділігін арттыру және өнім сапасын жоғары деңгейде ұстау міндеттері қойылды.
KPI — Қазақстандағы полипропилен өндіретін алғашқы интеграцияланған газ-химия кешені. Ол 2022 жылы Атырау облысында пайдалануға берілді. Кәсіпорын өнімін ішкі нарыққа және экспортқа жеткізеді.