Абай облысында «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында Ертіс өзеніне 22 мың сібір бекіресінің шабағы жіберілді. Балықтандыру 29–30 қазанда облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының бастамасымен өтті.
Іс-шара Жаңасемей ауданының Крупское ауылы маңында ұйымдастырылды. Жіберілген балықтың 8 мыңы — салмағы кемінде 150 грамм болатын біржылдық бекірелер, ал 14 мыңы — салмағы кемінде 20 грамм биылғы шабақтар.
Балықтандыруға Шығыс Қазақстан облысы Ұлан ауданының Саратов ауылдық округінде орналасқан «Ost Fish» ЖШС балық өсіру кәсіпорны қатысты.