Қазақстанда алғашқы медициналық-санитариялық көмекті жаңғырту аясында 655 нысан салынды. 200-ден астам ауыл алғаш рет медициналық ұйымдарға ие болды. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Астанада өткен алғашқы медициналық-санитариялық көмекті дамыту жөніндегі халықаралық конгресте айтты.
Министрдің сөзінше, ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту жөніндегі ұлттық жоба аясында салынған нысандар заманауи диагностикалық және телемедициналық жабдықтармен жарақтандырылған. Емханаларда командалық жұмыс дамып, шұғыл көмек кабинеттері ашылып, аурулардың алдын алу шаралары күшейтіліп жатыр.
Соңғы бір жылда алғашқы медициналық-санитариялық көмек ұйымдарының базасында 440-тан астам даму және ерте араласу орталығы ашылды. Онда мамандар балалардың дамуындағы ауытқуларды дер кезінде анықтап, отбасыларға қолдау көрсетеді. Жасанды интеллект негізіндегі отандық әзірлемелер дәрігерлерге инсультті диагностикалауға, сүт безі және өкпе обырын ерте анықтауға көмектеседі.
Министр келтірген дерек бойынша, 2025 жылдың қорытындысында қазақстандықтардың күтілетін өмір сүру ұзақтығы 75,97 жасқа жеткен. 1991 жылы бұл көрсеткіш 67,6 жас болған. Тәуелсіздік жылдарында нәресте өлімі 4,5 еседен астам, ана өлімі алты есе, туберкулезден болатын өлім он есе азайған.
2025–2026 жылдары денсаулық сақтау саласында тоғыз негізгі заң қабылданып, медицина қызметкерлерінің құқықтық қорғалуы күшейтілген және кәсіби жауапкершілігін сақтандыру енгізілген. 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап алғашқы медициналық-санитариялық көмектің учаскелік қызметіндегі 77 мыңнан астам маманға үздіксіз еңбек өтілі үшін қосымша төлемдер қарастырылған.
«Цифрлық кеңістіктегі қоғамдық денсаулық және МСАК тиімділігі» халықаралық конгресі 12–13 қарашада Астанада өтуде. Оған Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының өкілдері, шетелдік 95 маман және сегіз елден сарапшылар қатысып, медициналық көмектің қолжетімділігін, бастапқы буынды дамытуды, кадр даярлауды және цифрлық технологияларды енгізуді талқылауда.