Жетісу облысында «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық бағдарламасы аясында туристік нысандар мен жасыл аймақтарды тазалау және көгалдандыру бойынша облыстық сенбілік өтті. Жұмыс «Тамшыбұлақ» бұлағында, «Серкесай» және «Қойтас» экопарктерінде, Жалаңашкөл жағалауында және «Алтынемел» ұлттық табиғи паркінде жүргізілді.
Экошараларға жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, туристік нысандардың қызметкерлері, кәсіпкерлер, еріктілер және жастарды қосқанда шамамен 12 мың адам қатысты. Жұмысқа 50-ге жуық арнайы техника жұмылдырылды. Нәтижесінде 4 мыңға жуық ағаш отырғызылып, 500 тоннаға жуық қоқыс шығарылды.
Талдықорғанда сенбілік «Жастар» саябағы мен «Visit Zhetуsu» туристік-ақпараттық орталығының маңын қамтыды. Қатысушылар жапырақтарды жинап, қураған бұтақтарды алып, жасыл желектерді қысқа дайындады. Саябаққа қылқан жапырақты 60 жас ағаш отырғызылды.