Алматыда тауға шығатын туристерге арналған Almaty Hike онлайн-сервисі жұмысын бастады. Онда маршруттың басталғаны туралы ақпарат пен байланыс деректерін алдын ала қалдыруға болады.
Сервис табиғат қорғау прокуратурасы, Іле-Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркі, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаменті және қала әкімдігі әзірлеген жобаның аясында іске қосылды. Жоба Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрінің 2025 жылғы 27 тамыздағы № 363 бұйрығын іске асырумен де байланысты. Бұйрық азаматтық қорғау саласындағы аумақтық органдарға жетуі қиын әрі қауіпті болуы ықтимал нысандарға бару туралы хабарлау тәртібін реттейді.
Тіркелу үшін сайтқа кіріп, электронды нысанды толтыру қажет. Автобустар мен таулы аймақтар және ұлттық парктерге қатынайтын бағыттардың аялдамаларында орналастырылған QR-кодты да сканерлеуге болады. Жорық аяқталған соң сайтқа қайта кіріп, оралғанын белгілеп, тіркеуді жабу керек.