Абай облысының әкімі Берік Уәли Аягөз ауданының медициналық мекемелеріне жаңа санитарлық көліктердің кілтін тапсырды. Көліктер Тарбағатай, Сарыарқа, Қосағаш, Бидайық және Мамырсу ауылдарының дәрігерлік амбулаторияларына берілді.
Аягөз көпбейінді орталық аудандық ауруханасының балансындағы бес көліктің үшеуі — «Газель NEXT» (ГАЗ1R23), екеуі — JAC Sunray маркалы А санатындағы санитарлық автомобильдер.
Жаңа көлік алған бес амбулатория барлығы 4 646 тұрғынға қызмет көрсетеді. Тарбағатайда 959, Сарыарқада 556, Қосағашта 416, Бидайықта 546, Мамырсуда 2 169 адам тұрады.
Берік Уәли ауыл тұрғындарына сапалы медициналық көмек көрсету және дәрігерлердің шалғай елді мекендерге жедел жетуі үшін денсаулық сақтау ұйымдарының материалдық-техникалық базасын нығайтудың маңызын атап өтті. Оның айтуынша, ауданға қолданыстағы автопарктен тағы бес көлік беріледі.
Өткен жылы Аягөз ауданында жеті амбулаториялық пункт пайдалануға берілді. Сондай-ақ ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту ұлттық жобасы аясында Аягөз көпбейінді орталық аудандық ауруханасында 10 төсектік жаңа реанимация бөлімі ашылып, магниттік-резонанстық томография бөлімі жұмысын бастады.