Қазақстанда сапаны бақылау стандарттары жоғары елдерден жеткізілетін дәрілерді жедел тіркеу тәртібі енгізілді. Енді тіркеу екі жыл емес, 15 жұмыс күніне созылады. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Үкімет отырысында мәлімдеді.
2026 жылдың тоғыз айында дәрілік заттарға 1 048 тіркеу куәлігі берілген. Бұл көрсеткіш 2025 жылдың толық жылдық нәтижесінен жоғары. Тіркелген әр төртінші дәрі отандық өндірушіге тиесілі.
Жеделдетілген тәртіп аясында АҚШ, Германия, Франция, Дания, Ұлыбритания және Корея Республикасында өндірілген 16 дәрі мен медициналық бұйым тіркелді. Дәрілер саны бойынша Қазақстан Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің арасында алдыңғы орындардың бірін алады.
Заңнамаға енгізілген өзгерістер тіркеу рәсімдерін жеңілдететін «бір терезе» қағидатын да қамтиды. Жаңа тетік арқылы 600-ден астам қызмет көрсетілген. Сондай-ақ өндірушінің өтінімін күтпей, өмірлік маңызы бар дәрілерді мемлекет бастамасымен тіркеуге болады.
Қазір елде дәрілік заттардың 7 275 атауы тіркелген. Тіркеу құжаттарын талдау және сараптаманы тиімді ету үшін жасанды интеллектіні қоса алғанда, цифрлық технологиялар енгізіліп жатыр. Дәрілердің сапасын мемлекеттік бақылауға және жағымсыз реакцияларды қадағалау жүйесін дамытуға да назар аударылған.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ұлттық реттеу жүйесінің жетілу деңгейінің үшінші сатысын растады. Қазақстан бұл деңгейге ТМД елдері арасында бірінші болып жетті.
Келесі кезеңде зертханалық инфрақұрылымды дамыту жоспарланған. Астанада вакциналарды сынауға және олардың сапасы мен қауіпсіздігін тәуелсіз бағалауға арналған заманауи кешен салынады.