4 қарашада Астанада Қазақстандағы жолбарыс популяциясын қалпына келтіру бағдарламасына арналған баспасөз мәслихаты өтті. Оған Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрі Әлібек Қуантыров және Freedom Holding Corp. негізін қалаушы әрі бас атқарушы директоры Тимур Турлов қатысты.
Жиында жолбарысты тарихи мекендеу ортасына қайтару бойынша көпжылдық жұмыстың нәтижелері мен реинтродукция бағдарламасының негізгі кезеңдері таныстырылды.
Бағдарламадағы маңызды оқиғалардың бірі — 31 қазанда Амур атты амур жолбарысының «Іле-Балқаш» мемлекеттік табиғи резерваты аумағында табиғи ортаға жіберілуі. Ол Қазақстанда еркіндікке жіберілген екінші жолбарыс болды. Бұған дейін, 31 шілдеде, Үміт атты ұрғашы жолбарыс табиғатқа жіберілген.
«Іле-Балқаш» мемлекеттік табиғи резерваты жолбарысты қайтаруға жағдай жасау үшін 2018 жылы құрылған. 2026 жылғы қаңтарда оның аумағы 450 мың гектарға дейін ұлғайтылды. Резерватта экожүйелерді қалпына келтіру, мекендеу ортасын сақтау және қорек базасын көбейту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мұнда 200-ден астам Бұқар бұғысы және 140 құлан көшірілді.
Қуантыров екі жолбарыстың табиғатқа жіберілуін көпжылдық жұмыстың алғашқы практикалық нәтижесі деп атады. Оның айтуынша, алдағы міндеттер — жануарларды бақылау, олардың табиғи мекенін сақтау және қорек базасын қалпына келтіруді жалғастыру. Мақсат — Іле атырауы мен Балқаштың оңтүстігінде табиғи жағдайда өздігінен көбейе алатын тұрақты популяция қалыптастыру.
Биыл мамырда Ресей Федерациясынан Қазақстанға төрт амур жолбарысы жеткізілді: Амур, Үміт және екі жолбарыс күшігі — Тұран мен Уссури. Қазір Үміт өздігінен аң аулап, мекендеу аумағын бекіткен. Мамандар жолбарыстардың қозғалысы мен бейімделуін спутниктік қарғыбаулар арқылы бақылайды, ал екі күшік арнайы жабдықталған бейімдеу вольерлерінде мамандардың бақылауында.
Жергілікті тұрғындардың қауіпсіздігі үшін жолбарыстардың қозғалысын бақылайтын, тұрғындармен байланысатын және ықтимал жанжалдардың алдын алатын арнайы топ құрылған. Бағдарламаға мемлекет, бизнес және халықаралық серіктестер қатысады. Freedom Holding Corp. пен Freedom «Шапағат» корпоративтік қоры мамандарды Ресейде даярлауға, бейімдеу вольерлерін жабдықтауға және жолбарыстарды тасымалдауға қолдау көрсетті.