Қазақстанда жалпы 1000 орындық бес көпбейінді балалар ауруханасы салынады. Жаңа медициналық мекемелер Атырау, Ақтөбе, Алматы, Шымкент және Қаскелеңде пайда болады.
Әр аурухана 200 орынға есептелген. Жобалар балаларға мамандандырылған медициналық көмекті тұрғылықты жеріне жақын алуға мүмкіндік беріп, өңірлердегі медициналық инфрақұрылымды дамытуға бағытталған.
Аурухана құрылысы мәселесін денсаулық сақтау вице-министрі Тимур Муратов Азия даму банкі және Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкі өкілдерімен кездесуде талқылады.
Алматыда 500 орындық республикалық ғылыми балалар госпиталін салу да қарастырылып жатыр. Вице-министр серіктестік мүмкіндіктері пысықталып жатқанын айтты.
Денсаулық сақтау министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірге жобалық құжаттама мен қаржыландыру тетіктерін әзірлеу жұмысын жүргізіп жатыр. Тараптар инвестициялық бағдарламаны дайындау және оны іске асырудың келесі кезеңдерін айқындау бойынша жұмысты жалғастыруға келісті.
Кездесуде Қазақстанда медициналық көмекті жоспарлау мен ұйымдастыруды жетілдіруге бағытталған HOPE техникалық көмек жобасына да назар аударылды. Балалар ауруханалары желісі Мемлекет басшысының денсаулық сақтау саласын жаңғырту жөніндегі тапсырмалары аясында дамытылады.