Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Әбу Насыр әл-Фарабидің философиялық және ғылыми мұрасына арналған «Философия. Этика. Болашақ» халықаралық симпозиумы аясында үш ынтымақтастық меморандумына қол қойылды.
Бірінші келісім бойынша философия және саясаттану факультетінің дінтану және мәдениеттану кафедрасына Білім, ғылым және мәдениет мәселелері жөніндегі ислам ұйымының (ICESCO) өкілдігі мәртебесі беріледі. Өкілдік зерттеу, білім беру және диалог пен ағарту бағыттарында жұмыс істейді.
Жоспарға дінтану және мәдениеттану бойынша зерттеулерді тереңдету, арнайы курстар мен кәсіби даярлау бағдарламаларын әзірлеу, жазғы мектептер мен академиялық ұтқырлық бағдарламаларын ұйымдастыру кіреді. Сондай-ақ халықаралық конференциялар мен семинарлар өткізіліп, ғылыми жарияланымдар дайындалады. Құжатқа ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаев және ICESCO бас директоры Салим әл-Малик қол қойды.