Қазақстанда медициналық волонтерлікті дамытуға арналған «Серебряные врачи – забота и опыт» және «Jurekke Shipa: білім мен ізгілік көпірі» шағын грант жобалары аяқталды. Олар Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысымен, «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ ұйымдастыруымен іске асырылды.
Алматы облысында жүзеге асқан «Серебряные врачи – забота и опыт» жобасына аға буынның 22 тәжірибелі дәрігері қатысты. Бастама шалғай елді мекен тұрғындарына білікті медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруды көздеді.
Дәрігерлерге негізгі диагностикалық жабдықтармен толықтырылған арнайы волонтер сөмкелері табысталды. Жоба нәтижесінде ауылдық жерлердің 500-ден астам тұрғыны тегін медициналық көмек алды.