Алматыдағы №2 балалар қалалық клиникалық ауруханасында қазақстандық нейрохирургтер Германиядан келген жетекші маманмен бірге сегіз жасар баланың миындағы гамартоманы алып тастады. Бұл — балаларда кездесетін сирек туа біткен патология.
Балада туғаннан бері неврологиялық бұзылыстар, соның ішінде себепсіз күлкі ұстамалары, ұйқы және сөйлеу қиындықтары, психосөйлеу дамуының кешеуілдеуі, бас ауруы және есінен тану эпизодтары болған. Гамартома эпилепсиялық ұстамаларды қоздырған.
Науқас бірнеше жыл бойы мамандардың бақылауында болып, дәрі-дәрмекпен емделген, бұған дейін оған операциялар да жасалған. Алайда ұстамалар жалғасқандықтан, нейрохирургиялық көмектің келесі кезеңі қажет болды.
Операция халықаралық практикалық мастер-класс аясында өтті. Оған Charité – Universitätsmedizin Berlin университеттік клиникасының балалар нейрохирургиясы бөлімінің жетекшісі, профессор Ульрих-Вильгельм Томале қатысты.
Профессор аурухана нейрохирургтерімен бірге нейронавигация және операция кезіндегі нейромониторингті қолданып, түзілісті микрохирургиялық әдіспен алып тастады. Бұл технологиялар ми құрылымдарында дәл бағдарлауға және операция кезінде маңызды қызметтік аймақтардың жағдайын бақылауға көмектеседі.
Мастер-класс «Добровольное Общество Милосердие» қоғамдық қорының қаржылай қолдауымен ұйымдастырылды. Іс-шара барысында мамандар бес күрделі операция жасап, науқастарға кеңес берді және қазақстандық дәрігерлерге арналған практикалық оқу шараларын өткізді.
№2 балалар қалалық клиникалық ауруханасының директоры Марат Рабандияров Қазақстандағы балаларға күрделі ми аурулары бойынша жоғары технологиялық медициналық көмек көрсету және халықаралық тәжірибе алмасу маңызды екенін айтты. Аурухана балалар нейрохирургиясы мен эпилепсияны хирургиялық емдеу бағыттарын дамытып келеді.