Қазақстанның 20 өңірінде ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға арналған жаңа форматтағы арнайы мектептер салынады. Жобалар 1 мың орынға есептелген, ал оңалту және сауықтыру кабинеттерінде тағы 600 орын ашу жоспарланған. Бұл туралы Үкімет отырысында Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова мәлімдеді.
Елде ерекше білім беру қажеттіліктері бар 237 мыңнан астам бала бар. Арнайы білім беретін 541 ұйым жұмыс істейді.
Мұндай балалармен жұмыс істейтін мамандар 17 педагогикалық жоғары оқу орны мен 9 колледжде дайындалады. 2027 жылы колледждер 500-ден астам логопед даярлауды жоспарлап отыр.
Білім беру ұйымдарында балаларға жеке қолдау көрсететін 7,5 мың педагог-ассистент жұмыс істейді. Биылғы оқу жылының басынан бері алты колледжде осы мамандарды даярлау басталып, оқуға 210 студент қабылданды.
Психологиялық-медициналық-педагогикалық консультациялардың қолжетімділігін арттыру үшін министрлік оларды ашу нормативтерін қайта қарауды жоспарлап отыр. Жаңа есеп балалардың 40 мыңына шаққанда жүргізіледі, ал қолданыстағы норматив — 50 мың бала.
2024 жылы «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен 99 арнайы мектептің оқу кабинеттері мен шеберханалары жаңартылды. Қормен бірлескен жобалар жалғасады.
Инклюзивті білім беруді дамытуға арналған кешенді шаралар 2026–2030 жылдарға арналған ведомствоаралық кешенді жоспарда бекітілген. Жоспар ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға қолдау көрсету жүйесін жетілдіруді және өңірлерде білім беру қызметтерінің қолжетімділігін арттыруды көздейді.