2026 жылдың тоғыз айының қорытындысы бойынша Қазақстанда балаларға қатысты құқық бұзушылықтар саны 3,7%-ға азайды. Жамбыл, Атырау, Шығыс Қазақстан және Ақтөбе облыстарында оң динамика байқалған.
Оқу-ағарту министрлігі балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі мемлекеттік саясаттың іске асырылуын бағалау үшін өңірлерге барып мониторинг жүргізеді. Бұған дейін кәмелетке толмағандар қатысқан резонансты оқиғалар болған немесе профилактикалық жұмыста кемшіліктер анықталған өңірлерге ерекше назар аударылады.
Мониторинг Жамбыл, Батыс Қазақстан, Атырау облыстары және Жетісу облысында өтті. Нәтижелер білім беру ұйымдарында балаларды қорғаудың қолданыстағы тетіктерін іс жүзінде қолдануды күшейту қажет екенін көрсетті.
Ішкі істер министрлігімен бірлесіп балаларға қатысты құқық бұзушылықтардың алдын алу жүйесін жетілдіру жұмысы жалғасып жатыр. Қауіп-қатерді ерте анықтауға, кәмелетке толмағандарға жеке қолдау көрсетуге және олардың құқықтары бұзылған жағдайларға дер кезінде ден қоюға басымдық берілген.
Жаңа тәсілдерді пилоттық енгізу аясында педагогтердің кәсіби қызметін бағалауға балаларға қатысты заңсыз әрекеттерді уақытында анықтау көрсеткіші қосылады.
2026–2027 оқу жылынан бастап 5–11-сынып оқушыларына «Жеке қауіпсіздік» міндетті курсы енгізілді. Оқушылар қауіпті жағдайларды тануды, жеке шекарасын қорғауды, қауіпсіздік ережелерін сақтауды және көмекке уақытында жүгінуді үйренеді.
Балалардың құқықтары мен қауіпсіздігін қорғау жүйесін жетілдіру жұмысы 2026–2030 жылдарға арналған «Қазақстан балалары» тұжырымдамасы және «Құқық бұзушылықтардың профилактикасы туралы» Қазақстан Республикасының заңы аясында жалғасады.