Қазақстанда жыл басынан бері біліктілік тестінен сәтті өтіп, ұлттық стандарттарға сай оқу-жаттығу процесін жүргізіп жүрген жаттықтырушы-педагогтерге лауазымдық айлығының 30%-ы мөлшерінде үстеме төленіп келеді. Бұл талап туризм саласын және балалар спортын қолдау мәселелері жөніндегі заңда қарастырылған.
Қазір елде 526 балалар-жасөспірімдер спорт мектебі жұмыс істейді. Онда 15 мыңнан астам жаттықтырушы-педагог еңбек етеді, олардың жетекшілігімен 398 342 бала спортпен шұғылданады. Спорт мектептеріне балалар бес жастан бастап қабылданады.
Жыл басынан бері елдің түрлі өңірлеріндегі спорт мекемелерінен 5863 жаттықтырушы біліктілігін арттыру курстарынан өтті. Жоспар бойынша жыл сайын жаттықтырушы-педагогтердің 30%-дан астамы біліктілік тестілеуінен өтеді. Оны Дене шынықтыру және спорт жөніндегі республикалық оқу-әдістемелік және талдау орталығы ұйымдастырады.
Республикалық бюджеттік комиссия жаттықтырушы-педагогтерге үстемеақы төлеу үшін жергілікті бюджеттерден қаражат бөлу мәселесін қолдады. Заң балалар-жасөспірімдер спорт мектептерін жан басына шаққандағы нормативтік қаржыландыру жүйесіне көшіруді және жаттықтырушылардың жалақысын арттыру шараларын да көздейді.
2026–2028 жылдарға арналған жалпы қаржыландыру көлемі — 74 млрд теңге. Оның 1,8 млрд теңгесі жаттықтырушы-педагогтерге үстемеақы төлеуге бағытталады. Қалған қаржы спорт мектептерінің материалдық-техникалық базасын нығайтуға, балалардың жарыстар мен оқу-жаттығу жиындарына қатысуына, фармакологиялық қамтамасыз етуге, спорт киімі мен қажетті жабдық сатып алуға жұмсалады.
Заңнамалық өзгерістер жаттықтырушы мамандығының беделін арттыруға, балалар-жасөспірімдер спортына білікті мамандар тартуға, тәжірибелі жаттықтырушыларды салада сақтап қалуға және болашақ чемпиондарды даярлауға қолайлы жағдай жасауға бағытталған.