Астанадағы мектептерде оқушылардың кітап оқуға қызығушылығын арттыруға арналған жоба басталды. «Адал азамат» бірыңғай тәрбие бағдарламасы аясында бастауыш сыныптарға арнайы оқу бұрыштары ашылды.
Елордадағы №103 жалпы білім беретін мектептің бастауыш сыныптарына арналған 26 кабинетте балаларға шағын кітапханалар ұйымдастырылды. Жоба оқушылардың бос уақытын тиімді өткізуге, оқу мәдениетін қалыптастыруға және дүниетанымын кеңейтуге бағытталған.
Балалар үзіліс кезінде немесе сабақтан кейін кітап оқып, оқығандары туралы пікір алмаса алады. Оқу бұрыштары оқушылардың еркін ойлауына, сөздік қорын молайтуына және шығармашылық қабілетін дамытуына жағдай жасайды.