Алматы облыстық балалар клиникалық ауруханасында магнит жұтқан 7 және 4 жастағы екі ағайындыға ота жасалды. Балалар ауруханаға іші ауырып, мазасызданған күйде жеткізілген. Тексеру кезінде асқазан-ішек жолдарынан магниттер табылып, дәрігерлер оларды шұғыл түрде ауруханаға жатқызған.
Кіші баланың асқазаны мен жіңішке ішегінен 29 магнит алынды. Ота кезінде дәрігерлер Меккель дивертикулын да анықтап, алып тастады.
Үлкен баланың тоқ ішегінен бір-біріне жабысып қалған үш магнит табылды. Хирургтер лапароскопиялық әдіспен оларды соқыр ішек тұсына жылжытып, сол жерден алып шықты. Бұл әдіс ішекті тікелей ашпай бөгде заттарды алуға мүмкіндік береді.