Алматы облысында тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және төтенше жағдайларда көмек көрсетуге арналған екі нысан пайдалануға берілді. Қонаев қаласындағы №1 өрт сөндіру депосы жаңғыртудан кейін жұмысын қайта бастады, ал Іле ауданында «Ауыл қорғаны» посты ашылды.
Ашылу рәсіміне Қазақстанның төтенше жағдайлар министрі Мұрат Мұханов, Алматы облысының әкімі Шыңғыс Әрінов, Халық кеңесінің мүшелері, азаматтық қорғау органдарының қызметкерлері және жергілікті тұрғындар қатысты.
Қонаевтағы депоның күрделі жөндеуі 1969 жылдан бері жүргізілмеген. Биыл ол республикалық бюджет есебінен толық жаңартылып, алты өрт сөндіру көлігімен, 15 тонналық су тасығыш машинамен, арнайы автосаты және басқа да техникамен жабдықталды. Мұнда 30 маман жұмыс істейді, оның сегізі тәулік бойы кезекшілік етеді.