Алматыда 10 қараша кешінен бері жаңбыр жауып тұр. «Қазгидромет» РМК мәліметінше, 11 қараша сағат 10:00-ге дейін қалада 23 мм, Медеу ауданында 26 мм, Камен платосында 36 мм жауын-шашын түскен.
Қаланың бірнеше ауданында су жиналған. Коммуналдық қызметтер көшелер мен аулалардағы жергілікті су басу жағдайларын жою үшін күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр.
Қолайсыз ауа райының салдарын болдырмау және жою үшін 1 579 адамнан тұратын 85 жедел бригада кезекшілікке шықты. Жұмысқа 415 техника және 97 мотопомпа тартылды, 2 950 құм салынған қап дайындалды. Күн сайын 3 253 жол жұмысшысы жұмысқа шығады.