Алматы облысында ғимарат маңдайшаларындағы, сыртқы жарнамадағы және ақпараттық стендтердегі қазақша мәтіндердің дұрыс жазылуын бақылау күшейтіледі. Өңірде ол үшін «Ақылды мониторинг» цифрлық жобасы іске қосылды: анықталған әр қате арнайы картаға енгізіліп, оның түзетілу барысы бақыланады.
Мониторинг тобына мемлекеттік тілдің дамуына бейжай қарамайтын азаматтар, қоғамдық ұйымдар және «Қазақ тілі қоғамы» филиалдарының өкілдері кіреді. Картада қате табылған нысан қызыл түспен, түзету жұмысы жүріп жатқан нысан сары түспен, ал бұзушылық жойылған нысан жасыл түспен белгіленеді.
Мониторинг қатысушысы кәсіпкерлік нысанының маңдайшасынан қате тапса, оның фотосын, мекенжайын және кемшіліктің сипаттамасын картаға енгізеді. Ақпарат тиісті әкімдікке жіберіледі, ал жергілікті атқарушы орган өкілдері кәсіпкерге қандай талап бұзылғанын түсіндіреді. Қате түзетілген соң кәсіпкер жүйеге жаңа фотосурет жүктейді. Жауапты мамандар өзгерісті тексеріп, содан кейін ғана нысанды жасыл түспен белгілейді.
Алматы облысының тілдерді дамыту басқармасының басшысы Салтанат Беспаеваның айтуынша, бұрын маңдайшалар мен сыртқы жарнамадағы тіл талаптарының сақталуы азаматтардың өтініштері, әкімдіктердің мониторингі және «Тіл тазалығын сақтайық!» жазғы акциясы аясында тексерілген. Қателер туралы мәлімет әртүрлі жерде сақталып, олардың түзетілуін қадағалау қиын болған. Жаңа жүйе деректерді бір платформаға жинап, әр аудан мен қаладағы жұмыстың нәтижесін көруге мүмкіндік береді.
Алғашқы пилоттық жоба Іле ауданындағы Байсерке ауылында іске асырылды. Мониторинг кезінде интерактивті картаға 120 тілдік қате енгізілген. Қазір осындай жұмыс облыстың барлық ауданы мен қаласында жүргізіліп жатыр. Жыл соңына дейін анықталған бұзушылықтардың барлығын картаға енгізіп, бірыңғай дерекқор құру жоспарланған. 2027 жылдың басынан бастап жинақталған ақпарат жауапты әкімдіктерге беріледі.
Жүйе әзірге мәтіндердегі қателерді автоматты түрде анықтамайды: оларды мамандар тауып, картаға өздері енгізеді. Кейін жасанды интеллект көмегімен мәтін қателері мен қате аудармаларды автоматты анықтау функциясын қосу жоспарланып отыр.
Жыл басынан бері облыста 335 кәсіпкерлік нысанының ішкі және сыртқы жарнамасы мен ақпараттық материалдары тексерілген. 170 тілдік қате анықталып, оның 114-і түзетілді; қалған 56 бұзушылық бойынша жұмыс жалғасып жатыр. Жиі кездесетін қателердің бірі — мәзір, маңдайша және баға белгілерінің тек орыс тілінде рәсімделуі.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, маңдайшалар мен көрнекі ақпаратты орналастыру талаптарын бұзғандарға алдымен ескерту беріледі. Кәсіпкер оны орындамай, бір жыл ішінде осындай бұзушылықты қайталаса, айыппұл салынады: лауазымды тұлғаларға, шағын кәсіпкерлік субъектілері мен коммерциялық емес ұйымдарға — 5 АЕК (21 625 теңге), орта кәсіпкерлік субъектілеріне — 10 АЕК (43 250 теңге), ірі кәсіпкерлік субъектілеріне — 25 АЕК (108 125 теңге). Тұрғындар көшелер мен ғимараттардағы мәтін қателері туралы «e-Otinish» жүйесі арқылы басқармаға өтініш жолдай алады.