Қазақстанның солтүстігіндегі жүгері алқабында жоғалған әйелді құтқарушылар тепловизоры бар дронмен бір сағатта тапты. Алматы облысында ұшқышсыз аппарат тау шатқалында адасқан он адамды табуға көмектесті.
2025–2026 жылдары дрондардың көмегімен 73 адам табылып, құтқарылды. Төтенше жағдайлар министрлігінің бөлімшелерінде 242 ұшқышсыз аппарат бар, оның 187-сі жасанды интеллект функцияларымен жабдықталған. Олар адамдар мен көліктерді анықтап, жетуі қиын аумақтарды тексереді, түнде бақылау жүргізеді және іздеу топтарына координаттарды жібереді.
2026 жылы дрондар 4 647 операцияда қолданылды. Алматы және Қарағанды облыстарында белгіленген бағытпен ұшып, жедел басқару орталықтарына ақпарат беретін док-станциялары бар үш автономды кешен жұмыс істеп тұр.
Цифрлық шешімдер төтенше жағдайлардың алдын алуға да көмектеседі. Орман өртін ерте анықтайтын камералар ақпаратты Төтенше жағдайлар министрлігінің ахуал орталығына жібереді, ал мониторинг жүйелері табиғи қауіптерді бақылап, су тасқыны жағдайын болжауға мүмкіндік береді.
Су айдындарында дауыс зорайтқышы бар дрондар демалушыларды қауіп туралы ескертеді. Абай облысында тұрғын үйлер секторындағы өрт қаупі бар бұзушылықтарды цифрлық есепке алуға арналған «Тұмар 112» қосымшасы сынақтан өтіп жатыр. Ұялы байланыс жоқ таулы жерлерде адамдардың координаттарын жіберетін шешімдер де әзірленуде.
Құтқару жүйесіндегі цифрлық технологиялардың жұмысын байланыс, хабарлау және мониторинг жүйелерінің сенімділігін қамтамасыз ететін мамандар үйлестіреді. 10 қарашада, Цифрландыру және ақпараттық технологиялар қызметкерлері күніне орай, Қазақстанның Төтенше жағдайлар министрлігі осы сала мамандарын құттықтады.