Қазақстанда білім беру ұйымдарының түлектерін жұмысқа орналастыруға көмектесетін жастар практикасы жалғасып жатыр. 2026 жылғы 28 қазандағы жағдай бойынша бағдарламаға қатысып, 21 981 жас маман жұмысқа орналасты. Жыл соңына дейін 25 мың адамды қамту жоспарланған.
Бағдарлама түлектерге мамандығы бойынша алғашқы кәсіби тәжірибе жинауға, білімі мен дағдыларын іс жүзінде бекітуге және жұмыс берушілердің талаптарына бейімделуге мүмкіндік береді.
Қатысушылардың 50,6%-ы жоғары оқу орындарының, 45%-ы техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының түлектері. Жастар практикасына қатысушылардың 67,6%-ы — әйелдер.
Жас мамандардың көбі білім беру саласына — 48%, денсаулық сақтау саласына — 35% жұмысқа орналасқан. Мейіргер мамандығы бойынша 2 013 адам, техник-бағдарламашы болып 853 адам, дене шынықтыру және спорт мұғалімі болып 776 адам жұмысқа тұрған.
Бағдарламаға техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарын бітірген, тіркелген жұмыссыздар қатыса алады. Олардың жасы 35-тен аспауы, оқуын аяқтағанына бес жылдан артық уақыт өтпеуі және алған мамандығы бойынша еңбек өтілі болмауы керек.
Практика жұмыс берушілер құрған уақытша жұмыс орындарында өтеді. Қатысу мерзімі 12 айдан аспайды, осы кезеңдегі еңбекақыны мемлекет субсидиялайды. Ай сайынғы субсидия мөлшері — 30 айлық есептік көрсеткіш; оған салықтар, міндетті әлеуметтік аударымдар, пайдаланылмаған еңбек демалысы үшін өтемақы және банк қызметтері кіреді. Экологиялық үстемеақылар бұл сомаға кірмейді.
Қатысу үшін түлек тұрғылықты жеріндегі мансап орталығына өтініш беруі керек. Орталық мамандары бағдарлама шарттарын түсіндіріп, қатысу тәртібі туралы ақпарат береді және лайықты жұмыс орнына жолдауға көмектеседі.